Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 15 жастағы Жаннұр Нұржанға қоғамдық көлікте қарияға көмек көрсету кезіндегі мейірімділігі мен батылдығы үшін грамота мен естелік сыйлық табыс етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" шаһар басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мен сіз түсірген бейнені желіден көрдім және көптеген алматылық сияқты бұл оқиға мені де бей-жай қалдырмады. Бір жағынан, ол жолаушылардың әрекетіне қынжылдым, ал екінші жағынан, сіздің әрекетіңізге риза болып, өзіңізбен мақтандым», - деді әкім кездесу барысында.
Айта кетейік, қамқорлықтың үлгісін көрсеткен жас қыздың іс-әрекеті жұртты сүйсінтті. Алматы қаржы-экономикалық колледжінің 2-курс студенті өзін қолдағандарға алғыс айтып, барлық адамға қамқорлық көрсетуге шақырды.
Естеріңізге салайық, Алматының 119-шы маршрутында қарт адам тосап салынған құмыраны байқаусызда сындырып алады. Кейбір жолаушылар оны айыптай бастағанда, жасөспірім зейнеткерді жақтап, автобустың еденін киімімен сүртеді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап, Жаннұр Нұржанды қолдаған жүздеген пікір жазылды.