17 қаз, 2025 сағат 18:02

Дос КӨШІМ: Қазақ тілінің тағдыры – бәрін өзгертіп отырған билік, оның ішінде Президент

Фото: Ашық дереккөз
Соңғы кезде елімізде тіл мәселесі қайта ушықты. Жақында сарапшы Олжас Байділдинов ресейлік арнаға берген сұқбатында «қазақ тілінде көп адам сөйлей бастағаны үшін шара қолдану керек» деген. Бұл пікір елдің жарасына тұз сепкендей әсер қалдырып, қоғамда резонанс тудырды. Осы тақырыпта және мемлекеттік тіл мәселесі туралы Ult.kz тілшісі қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшіммен тілдескен еді.

– Бұл – ақымақ пікір. Ондай сөздерге ашуланып, жауап қайтарудың қажеті жоқ. «Ит үреді, керуен көшеді». Бірақ мұндай сөздер кейде халықтың намысын оятады. Мен тіпті баяғыда: «Жириновский ай сайын сөйлеп тұрса екен, қазақтар оянатын шығар» деп қалжыңдап айтқанмын. Сол сияқты, осындай «негатив пікірлер» қазақтың рухын оятатын стимул болуы да мүмкін.

– Дос мырза, Сіз көп жылдан бері қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп келесіз. Конституциядағы тіл туралы бапқа өзгеріс енгізу мәселесін қалай бағалайсыз?

– Меніңше, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау керек, болды. 

– Президент жуырда Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізілетінін айтты. Осы түзетулердің ішінде тіл мәселесі көтерілуі мүмкін бе?

– Егер Үкіметтің шынында да «еститін құлағы» болса, онда 30 жылдан бері халық айтып келе жатқан ең өзекті мәселе осы – 7-бап. Конституция – халықтың құжаты. Сондықтан билік шынымен елдің үнін естігісі келсе, 7-бапқа назар аударып, оны өзгертуге батыл қадам жасауы керек деп ойлаймын. Үміт бар.

– «Орыс тілі – ресми тіл» деген норманы алып тастау қоғамды біріктіре ме, әлде керісінше, алауыздық тудыра ма деген пікір бар...

– «Орыс тілі – ресми тіл» деген жазу бізде жоқ. Бізде «орыс тілі ресми түрде» деген жазу бар. Кез келген заңгерден сұраңыз, ол ресми тіл болып саналмайтынын айтады. Заң міндетті түрде нақты жазылу керек қой, заңның өзінің стилистикасы бар. Демек, өзіміз «орыс тілі – ресми тіл» деп атамауымыз керек. Ресми түрде қазақ тілімен қатар тек екі жерде қолданады: мемлекеттік мекемелерде және жергілікті басқару органдарында. Бұл Конституциядағы сөз. Ал дүкендерде, банктерде, кассаларда, басқа да жерлерде Қазақстанның «тіл туралы» заңында, Қазақстанның бүкіл территориясында мемлекеттік тіл қолданылады деген ұғым пайдаланылады. Оның бәрін өзгертіп отырған – өзіміз. Әсіресе, билік, оның ішінде Президент.

– Тәуелсіздікке 34 жыл. Мемлекеттік тілдің толық үстемдікке ие болмауының басты себебі неде?

– Біріншіден, Қазақстан Кеңес Одағы кезінде ең қатты орыстандырылған республиканың бірі болды. Біз орыс мәдениетіне, тіліне тез еліктеп кеттік. Екіншіден, Тәуелсіздіктен кейін билік қазақ тіліне қажеттілік тудырған жоқ. Керісінше, «қостілділікті сақтау» саясатын ұстанды. Біздің «Тіл туралы» заңның әр бабында: «қажеттілігіне қарай орыс тілі де қолданылады» деген сөйлем бар. Бұл – шын мәнінде қостілділікті заңдастырып беру. Менің ойымша, бұл – биліктің қазақ тіліне жасаған қастандығы.

– Мемлекеттік тілдің дамуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Екі-ақ фактор керек. Біріншісі – заңдық тұрғыдан қажеттілік жасау. Мысалы, Латвия, Литва, Эстония елдерінде тіл заңдары өте қатаң. Онда тіл білмеген адам ешбір мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Екіншісі – халықтың ішкі ұстанымы. Халық өзара тек қазақ тілінде сөйлеп, жазып, талап қоюы керек. Басқалар түсінсін-түсінбесін, маңызды емес. Сонда олар да қазақ тілін үйренуге мәжбүр болады.

Ал бізде, өкінішке қарай, бұл екі фактор да жоқ. Билік ондай заң қабылдағысы келмейді, өйткені өздерінің балаларының көбі қазақ тілін білмейді. Ал халықтың да ұлттық намысы, тілге деген бірлігі Балтық елдеріндегідей деңгейге жеткен жоқ. Бізде әлі де отаршылдықтың, құлдық психологияның сарқыншағы бар. Сондықтан бұл жолда ұзақ күрес керек.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан 
Ақбота Мұсабекқызы