26 жел, 2021 сағат 19:39

Допты хоккей: «Ақжайық» «Кировец» командасын ұтты


Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Кировец» (Уфа) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тынбай жауған қар мен боранға қарамастан, ойыншылар барын салып бақты.

Бірінші таймда «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 4-минутта есеп ашты. 33-минутта тағы бір ресейлік Сергей Башаев 2:0-ге жеткізді. Бұлардың екеуіне де Орал допты хоккейінің түлегі Болат Мұхит нәтижелі пас берді.

Екінші кезеңде матч соңына таман қонақтардан Руслан Гавричков есепті қысқартты.

Қорытынды есеп – 2:1, «Ақжайықтың» пайдасында.

Оралдық клуб осымен үшінші рет қатарынан жеңіске жетті. 

Бұл ойыннан кейін 18 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері үшінші топта екінші орынға көтерілді.

Ертең «Жастар» стадионында қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Знамя-Удмуртия» командасын екінші рет жеңгенін жазған болатынбыз.