27 жел, 2021 сағат 17:12

Допты хоккей: «Ақжайық» қатарынан төртінші рет жеңіске жетті


Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Кировец» (Уфа) командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші тайм басында-ақ «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік шабуылшы Максим Пахомов осы маусымдағы өзінің 21-інші голын соқты. Сондай-ақ «Ақжайық» сапынан тағы бір ресейлік Сергей Башаев пен команда капитаны Максим Өтебалиев мергендігімен көзге түсті. Қонақтар да қарап қалмай, «Ақжайық» қақпасына екі гол салды. 

Екінші кезеңде С.Башаевтың пасынан кейін М.Пахомов 55-минутта есепті 4:2-ге жеткізді. Дегенмен бес минуттан кейін «Кировецтен» Дмитрий Вахрушев, сосын Роман Фролов таразы басын теңестіріп үлгерді. Көп ұзамай М.Пахомов 12 метрлік айып добын дәл орындап, командасын қайта алға шығарды – 5:4. 70-минутта М.Өтебалиевтің пасынан кейін тағы бір ресейлік Александр Слугин өз есебіне бір гол жазды – 6:4. Бұдан соң «Кировец» есепті қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді.

Жалпы есеп – 6:5.

Осылайша қатарынан төртінші рет жеңіске жетіп, 21 ұпай жинаған оралдық клуб үшінші топта бұрынғысынша екінші орында келеді.

Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін жаңа жылда, 10-11 қаңтарда «Локомотив» командасымен өткізеді.



Фото: Айбатыр Нұраш