06 жел, 2021 сағат 20:07

Допты хоккей: «Ақжайық» қатарынан екінші рет жеңіске жетті


Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» үшінші топта қатарынан екінші рет жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жолы оралдықтар Первоуральскіде «СКА-Свердловск» командасымен айдынға шықты. 

«Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың мәлім еткеніндей, ойын аса тартысты өтті.

Қонақтар сапынан ресейлік Максим Пахомов екі доп соғып, биылғы маусымдағы гол санын 9-ға жеткізді. Ресейлік Сергей Башаев пен Орал допты хоккейінің түлегі Андрей Гущин де бір-бір голдың авторы атанды. 

Ең соңында тағы бір ресейлік Александр Слугин мергендік танытып, оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері жеңісті жұлып алды. Есеп - 5:4.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Осылайша үш ойыннан 6 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында алдыңғы қатарда келеді.