Қазақстанның Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев Еламан Ерғалиев іліккен допинг дауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біздің федерация допингпен үнемі күресіп келеді. «Қазақстан Барысының» барлық жеңімпаздары WADA-ның допинг сынағынан өткен соң ғана сыйақыларын алады. 2017 жылы да, басқа кездері де солай болып келген», - дейді Арман Шораев Фейсбуктегі парақшасында.
Оның айтуынша, допингке байланысты спортшылар жарысқа жіберілмеген жағдайлар бұған дейін болған.
«Еламан 2017 жылы басты турнирде адал жеңіске жетті. Ешқандай допинг табылған жоқ, ол өзіне тиесілі сыйақысын алды. Бүгінгі жағдай бойынша, мынаны айта аламын, 2018 жылдың қараша айында допингтің табылуы бұрынғы еңбектерін жоққа шығарып, жетістіктерін жоймайды. Алдағы додаларға жібермеу немесе шеттету туралы шешім Федерация Атқарушы комитетінің кезекті отырысында қабылданады. Нәтижелері туралы баспасөзде мәлімдейміз», - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның Дзюдо федерациясы Еламан Ерғалиев пен Саламат Жұрқабаевты допинг дауына байланысты уақытша республикалық және халықаралық жарыстардан шеттету шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын.
Еске сала кетейік, былтыр шілде айында Еламан Ерғалиев қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2017» турнирінде жеңімпаз атанған еді.