16 қар, 2017 сағат 09:27

Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтонға шақырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Жуырда телефонмен сұхбат кезінде Президент Трамп мені Ақ үйге шақырды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді. Соған байланысты мен АҚШ-та боламын. Сол кезде Вашингтонда жүздесетін болып келістік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев елордада 13 қараша күні өткен Астана клубының үшінші отырысында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елдерді экономикалық мүдделер байланыстыратынын айтты.

«300-ден астам америкалық компания Қазақстанда жұмыс істейді, олар біздің елге 50 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Олар - мұнай, энергетика салаларындағы ірі компаниялар. Біз технологиялар саласында да, бірлескен инвестициялар бағытында да ынтымақтастықты жалғастыруды қалаймыз», - деді ол.