28 қаң, 2021 сағат 10:00

Долларлану деңгейі 2020 жылдың соңында төмендеді - Ұлттық банк

Қазақстанда долларлану деңгейі 2020 жылғы желтоқсанның соңында 37,3%-ға қысқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

ҚР Ұлттық банкінің хабарлауынша, резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,7%-ға ұлғайып, 2020 жылы желтоқсанның соңында 22 089,7 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 297,7 млрд теңгеге дейін, яғни 2,0%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 10 792,1 млрд теңгеге дейін 3,6%-ға өсті.

Бір айда ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 13 855,7 млрд теңгеге дейін 4,0%-ға ұлғайды. Ал шетел валютасындағы депозиттер көлемі 8 234,0 млрд теңгеге дейін 4,5%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2020 жылғы желтоқсанның соңында 37,3% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы желтоқсанда 7 205,0 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 092,7 млрд теңгеге дейін 7,2%-ға азайды (заңды тұлғалар депозиттерінен 36,2%).

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 6 650,7 млрд теңгеге дейін 7,1%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 141,4 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға қысқарды (жеке тұлғалар депозиттерінен 38,4%).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 3,7%-ға ұлғайып, 15 279,6 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 9 496,8 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар – 5 782,9 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,3% (2019 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,2% (9,0%) болды.