Goldman Sachs инвесторларға АҚШ доллары жақын арада әлемдік валюта резервтеріндегі үстемдігінен айырылуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Insider басылымы мақаласында айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ИноТВ-ға сілтеме жасап.
Банк сарапшылары АҚШ пен оның одақтастары Ресей Орталық банкін шетелдік резервтерге қолжеткізу мүмкіндігінен айырғанын, бұл басқа елдердің де долларды қолдануын азайту қаупін тудырғанын атап өтті.
Сарапшылар пікірінше, доллар британ фунты төңірегіндегі жағдайға ұқсас бірқатар проблемаларға тап болды. Ол бір кездері ең үлкен резерв валюта болған, бірақ ХХ ғасырдың ортасында оны доллар ығыстырды. Бұл Ұлыбританияның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қарыздарына байланысты делінген.
Бүгінде дәл осындай проблема Америка Құрама Штаттарында туындауы мүмкін, өйткені олардың да ірі тауар импорттаушысы болуымен байланысты қарыздары бар. Сонымен қатар, доллардың үстемдігімен салыстырғанда олардың әлемдік саудадағы үлесі шамалы.
ХВҚ басшысының орынбасары Гита Гопинат бұған дейін Ресейге қарсы санкциялар жаһандық жүйенің бөлшектеніп, долларға зиянын тигізуі мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ, ол әлемдік саудада басқа валюталарды пайдалану Орталық банктердің шетелдік валютадағы резервтерін әртараптандыруға мәжбүр ететінін айтты.
Дегенмен, бірқатар сарапшы доллар жаһандық резерв валюта ретінде өз мәртебесін сақтайды деп сендіреді. Сондай-ақ, бұл оны нақты ауыстыратын валюта жоқтығына байланысты.
Goldman Sachs сарапшылары доллардың тағдыры АҚШ-тың қолында деген қорытындыға келген. АҚШ-та тапшылықты, өсіп бара жатқан сыртқы қарызды және инфляцияны өзгертетін саясат болмаса, мұның бәрі басқа резерв валютаға көшуге әкелуі мүмкін, деп жазады газет.
793 рет оқылды