18 жел, 2019 сағат 11:33

Дизайн-код елорданың келбетін қалай өзгертеді?

Елорданың сәулеттік-эстетикалық келбеті қаланың дизайн-кодында жазылған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, дизайн-код - стилистикалық біртұтас, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру үшін бірқатар ереже мен ұсыныстан құралған.

«Дизайн-код ғимараттың және көше-жол кеңістігінің қасбеттік элементтеріне бағытталған. Ғимараттың қасбеті жағынан жол желісінің қолданыстағы жағдайын кішігірім сәулеттік нысандарды, көгалдандыруды, әрлеу материалдарын пайдалануды, түс схемаларын және жарнамалық құрылымдардың өлшемдерін ескере отырып түзету жоспарланған. Сонымен қатар, дизайн-код ережесі қала кеңістігін дамытуды реттейді. Дизайн-кодтың басты міндеті - қоғамдық кеңістікті дамыту және адамдар үшін ыңғайлы қала құру», - деді А.Көлгінов.

Сондай-ақ көше кеңістігін 4 сыныпқа жіктелген. Олар: үздіксіз қозғалыстың қалалық маңызы бар негізгі көше, реттелетін қозғалыс, аудандық маңызы бар негізгі және жергілікті көше. Жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы нақты бөлінбегеніне байланысты тротуарларға көп жүктеме түседі. Дизайн-кодта жаяу жүргіншілер, велосипед алаңдары, көше кафелері, қоғамдық орындар мен көгалдандыруды нақты бөлу қарастырылған.

Әр аймақтың өзіндік абаттандыру элементтері бар: абаттандыру, тротуар және алаң жамылғылары, жарықтандыру, көше жиһаздары, аялдама павильондары және басқалары.

Жарнамалық нысандар мен қондырғыларды, сондай-ақ ғимараттардың қасбеттеріне кондиционерлерді орналастыру ережелері әзірленді. Дизайн-код қаланың келбетін жақсартып, туристік тартымдылықты арттырады.

Еске сала кетсек, 12 желтоқсанда елорданың қалалық мәслихаты бас қаланың дизайн-код жобасын бекіткен еді.