Шымкенттегі Қаратау аудандық соты "өзге дінге кіргені үшін әйелін пышақтағанын" мәлімдеген Хайролла Нарметовты екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарды. Бұл туралы аудандық соттың судьясы Бағлан Әмірәлиев айтты, деп хабарлайды Азаттық.
"Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының 1983 жылы туған тұрғыны Хайролла Нарметовті 12 қараша күні болған оқиғаға байланысты Қаратау аудандық полиция бөлімі арнайы күзетпен Қаратау аудандық сотына санкция шығаруға алып келді. Ол сот барысында кінәсін толығымен мойындап, оны ашумен жасағанын айтып, істеген ісіне өкінетінін білдірді" дейді Бағлан Әмірәлиев.
Оның айтуынша, сот күдіктіні Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен ("қасақана ауыр дене жарақатын салу") күдікті деп танып, екі ай мерзімге қамауға алуға қаулы етті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хытшысы Асылбек Досалының Азаттыққа хабарлауынша, Хайролла Нарметовтың әйелінің қазіргі жағдайы қалыпты. Әйел жан сақтау бөлімінен жеке палатаға ауыстырылған.
Күдікті Хайролла Нарметов әйелімен болған жанжалдан соң түсірген видео үндеуінде "әйелін басқа дінге өткені үшін өлтірдім" деп мәлімдеген. Бұл видео 13 қарашада әлеуметтік желіге тарап кеткен еді.