17 мау, 2020 сағат 16:28

Динагүл Баешева: Үрейлену коронавируспен шатастыруы да мүмкін

Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева коронавирус инфекциясы өзіне қалайша психологиялық тұрғыда әсер еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада мен жағдайы ауыр бір баланы көрдім. Алайда оның коронавирус инфекциясын жұқтырып алғанын мүлде ойламадық та. Себебі ата-анасы ешкіммен байланыс болмағанын алға тартты. Алайда баланың жағдайы шынында да ауыр еді. Ақыры тесттен өткізіп, оның шынында да коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаны расталды», - деді Динагүл Баешева Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы «Министрлік хабарлайды» айдарында.

Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері баладан коронавирус расталғаннан кейін өзі де қатты үрейленіп қалғанын жасырмады.

«Мен коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаныма жүз пайыз сенімді болдым. Дене қызуым көтеріліп кетті. Буындарым қақсай бастады. Таныстарымның бәріне қоңырау шала бастадым. Бірақ ақыры ақылға келдім. Қайтадан ыстығымды өлшесем +36,7 градус болып тұр екен. Таң қалдым. Сөйтсем бұл психосоматика екен. Сол себепті «бізді аурудан бұрын үрей мен байбалам өлтіреді-ау» деген ойға келдім», - дейді ол.