Елордада Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында UMAY Angels Club басшысы Мират Ахметсадықов жас стартаперлерді әлеуетті инвесторлармен кездесулерді белсенді түрде өткізуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бір немесе бір жарым жыл ішінде жобаларды жасап жатқандар бар. Форум аясында кеше осындай мамандардан қаражатты қанша уақыт іздегенін, инвесторлармен қанша кездесу өткізгенін сұрадым. Олардың бірі инвесторлармен 6-7 кездесу өткізсе, екіншісі 10 кездесуге барғанын айтты. Біз осы жылда 225 кездесу ұйымдастырдық. Бұл тұрғыда кез келген стартаптан озып шықтық», - деді М. Ахметсадықов.
Оның пайымынша, идеясын іске асырғысы келетін жастар баршылық, бірақ олар инвесторлармен кездесуде белсенді емес.
«Нарықта қаражат жеткілікті. Дегенмен олар инвесторлар жоқ екенін айтып, негізсіз сылтау айтады. Стартапта ешқандай жұмыс жүрмей жатыр. Жарты жылда 10 кездесу деген өте аз ғой, қарым-қатынас белсенді болу керек», - деді Мират Ахметсадықов.
Бұрын хабарланғандай, елордада үшінші рет Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы 28-29 қазан аралығында өтіп жатыр.
Биылғы форумның тақырыбы - Digital Era Lifestyle. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Цифрландыру, инновация және ғылым арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын ұсынды.
Форумның іскерлік бағдарламасы 20 панельдік сессиядан тұрады, онда 70 -тен астам спикер - халықаралық және қазақстандық IT -қауымдастықтардың өкілдері сөз сөйлейді. Елімізде үшінші рет өтіп жатқан Digital Bridge алаңында әдеттегідей Astana Hub Battle жарысында технологиялық стартаптар бақ сынасып, ең мықты ІТ-компаниялар Astana Hub Awards премиясы аясында марапатталады. Биыл пандемия талаптарына орай іс-шаралар гибрид форматта өтеді – бірқатар ресми шаралар оффлайн өтсе, форумның негізгі бөлігі онлайн нұсқада көрсетіліп, кез-келген адам қатыса алады.