27 қыр, 2019 сағат 08:14

Деректерді сараптау әдісімен стратегиялық қатердің алдын алу

«Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас» дегендей, кез келген кәсіпті тәуекелсіз жүргізу мүмкін емес. Барлық кәсіп ерте ме, кеш пе әртүрлі формадағы қауіппен бетпе-бет келеді. Жалпы қауіп пен тәуекел атаулыны операциялық және стратегиялық деп бөлуге болады. Егер сіздің құрған компанияңыз өз жүрісінен жаңылмай құндылықтар өндіруді жалғастырғы келсе, қауіптерді тиімді басқаруды үйренуі керек.

Операциялық қауіпке ресурстардың азаюы, жұмыс жүйесінің бұзылуы мен тұтынушылардың шағым түсіруі сияқты күнделікті бизнес процестерде кездесетін ақауларды жатқызамыз. Оған қоса құрал-жабдықтардың істен шығуы, шикізат каналдарының жабылуы, ұрлық, жұмыскерлердің кетуі, деректердің жоғалуы, басшылыққа бағынбау, кибер шабуылдар, IT жүйесіндегі ақаулар да осы тізімді толықтырады.

Соңғы кезде алдыңғы қатарлы ұйымдар деректерді сараптау әдісімен (data science) операциялық қауіпті азайтуды жолға қойған. Мысалы, оқыту машинасы келе жатқан қауіпті ескертіп, оның алдын алатын шараларды жасауға көмектеседі.

Ал стратегиялық қауіптер нарықтағы шарттар мен қажеттіліктерге  уақытылы жауап қайтара алмаған кезде пайда болады. Бұл клиенттердің қалауы өзгерген кезде, заңнамалардағы толықтырулар мен жаңа технологиялар пайда болғанда, бәсекелестік пен нарықтағы ауыс-түйісті жатқыза аламыз. Ондай қауіптің тигізер әсері өте терең және ұйым жұмысына айтарлықтай зиян тигізеді. Әдетте, атқарушы директорлар мұндай қауіпті өздерінің тәжірибесі мен ішкі түйсіктеріне сүйеніп шешуге тырысады. Дегенмен, деректерді сараптау әдісі аталмыш қауіптің алдын алып, тиімді басқару үшін пайдалы құрал саналады.

Осы мақалада мен өз саласының көшбасшысы саналатын үш клиентімнің деректерді сараптау әдісі арқылы стратегиялық қауіпті қалай басқарғанын бөліскім келеді:

Әлемнің технология өндірісі алда болатын технологиялық өзгерістерге дайын болғысы келеді. Бүгінге дейін бірнеше мыңдаған технология түрлері сынақтан өтіп, көпшілігі көшке ілесе алмады. Тек таңдаулылардың ғана бағы жанып, трансформациялық технологияға айналды. Дер кезінде қажетті технологияға инвестиция жасаған ұйымдар нарықта алға шықса, технологияны меңгере алмағандар артта қалады.

Атқарушы директорлар бизнес аналитиктерді тыңдағаннан гөрі, интеллектуалды бақылау жүйелерімен жабдықталған жаңа технологиялардың ландшафтын зерттеуден өткізіп, екі үш жылдан кейін кімнің оза шабатынын болжап бере алады. Бұл жүйелер «компьютерлік санамен» жабдықталып, технологияға қатысты деректерді жіліктеп шағып, қажетті сигналдарды бөліп алған соң, қандай тенденциялардың алға шығатынын анықтайды. Бұл болжамдар өз кезегінде компаниялар үшін қандай технологиялық жаңалықтарға инвестиция құю керектігіне жол көрсетеді.

Тамақ пен сусын (F&B) өнеркәсібіндегі алпауыт компания нарықтағы үлесінен айырылмау үшін, бірегей ингредиенттер мен инновациялық өнімдер ұсынатын жас стартаптар туралы деректерді сараптайды. Олардың бәсекелестері әртүрлі деңгейде табысқа жеткен өнімдер ұсынған болатын. Алпауыт фирмалар өздерінің жаңа тауарларын нарыққа таныстырар алдында, өзгелерді де жүйелі түрде бақылап отыруы керек.

Нарықтағы барлық трендтерді мұқият сараптамадан өткізу арқылы болашақ клиенттердің қалауын жазбай тауып, соған сай өнімдер шығарады. Бұдан түсінетініміз, жаңа өнім шығару үшін сол саладағы деректер базасын сүзіп барып қана шешім қабылдау керек. Осы әдіспен бір компания стратегиялық қауіптің алдын алып қоймай, миллиард долларлық мүмкіндікті қолға түсірген екен.

Транспорттық компания экономикалық толқулардың өз бизнесіне тигізетін әсерін түсінгісі келеді. Эконометрикалық модель жүйесі әр елдегі тұтынушылардың талаптарын көрсетеді, бұл өз кезегінде импорт пен экспортқа әсер етеді. Нәтижесінде әр аймақтағы транспорттау қызметіне оң немесе теріс әсер етеді. «Компьютерлік сана» жағымды немесе жағымсыз  экономикалық сценарийлерді сараптау арқылы, клиент қызметіндегі пайда болатын жаңа талаптарды анықтайды. Сол арқылы компания штатты уақытылы қысқартып, жоспарланбаған шығындардың алдын алады.

Жоғарыдағы мысалдардан көргеніміздей, стратегиялық қауіптер стратегиялық мүмкіндіктерге теңеседі. Оларды анық проболема деп айта алмаспыз, себебі онда көптеген белгісіздік бар. Ал мүмкіндіктерді пайдамызға шешіп, шығындарды азайту үшін, компаниялар қауіпті жүйелі түрде бақылауда ұстап отыруы керек. Қандай процесс болмасын, деректерді сараптау әдісі стратегиядық қауіптер мен мүмкіндіктерді басқаруға көмектесері анық.

Мақаланың түпнұсқасы: forbes.com