Төртінші өндірістік революцияның дамуымен деректердің маңызы артып келеді. Заттар интернеті, тасымалдау құрылғыларымен өзге де көздерден түсетін деректер көлемі өскен сайын, техникалық өзгерістер қарқыны үдей түсті. Машиналармен, ақпаратпен қарым-қатынас әдетті дағдыға айналып, күн сайын күшейіп келеді. Робототехника, ауа-райы өзгерістерін модельдеу, ауыл шаруашылығы өнімділігі және өздігімен жүретін көліктерді шығару секілді көптеген салада қолданылатын жасанды интеллект жүйелерінің негізі деректерге тікелей байланысты.
Жасанды интеллектің көптеген түрін, машиналық оқыту алгоритмдерін, әсіресе нейрон жүйелерін жетілдіру үшін орасан зор мөлшерде деректер қажет. Деректер неғұрлым көп болса, соғұрлым жұмыс дәлдігі артады. Нейрон жүйесі зерттеген ренгтен кескіндерінің саны артқан сайын, оның ісіктерге жасаған сипаттамалары айқындала түседі. Дерек аз болса, дәлдігі де азаяды.
Бүгінде электронды сауда, дауыспен басқарылатын көмекшілер және өзге де көздерден түсетін зор мөлшердегі деректерді жинап, оны өңдеуге мүмкіндіктері бар бірнеше ірі корпорация үлкен артықшылыққа ие. Көлік жүргізуден бастап ұялы телефон мен интернетті қалай пайдаланып жүргені туралы ауқымды деректер жинайтын халқы көп кейбір елдер де бұл бағытта алға басқаны анық. Алайда бұл билік пен байлықтың теңсіздігіне әкелгендей әсер қалдырады. Ақпарат шағын топтың қолында шоғырланғандықтан, көлемді деректерді өз пайдасына жаратуға мүмкіндік береді.
Ал халқы аз немесе заманауи технологияларды игеруге шамасы жетпейтін елдердің жағдайы не болмақ? Кейбір шағын елдер бай болуы мүмкін, алайда халқы аз болғандықтан деректер толыққанды жетіспейді. Өзге бір елдер тарихи себептерге байланысты қалыпты дами алмаған. Өзекті деректерге қолы жетпейтіндіктен, олардың барлығы дамудың соңғы сатысында қалуы мүмкін. Өндіріс құралдарын шығармай, тек шикізатпен қамтамасыз етіп тұрады. Тиімсіз жағдайда қалған елдер мен компанияларға жәрдемдесудің бір жолы деректермен алмасу жөнінде келісім жасау болуы тиіс. Тауарлар мен қызметтерге қатысты сауда келісімдер секілді бұл да бәріне пайда әкеле алады. Бірнеше мемлекеттің деректерін қосу арқылы әр ел заманауи өндіріске қажетті деректер базасына қол жеткізеді. Кейбір жағдайда дүниежүзілік келісімдер жасалуы мүмкін. Мысалы, бұл қатерлі ісік сияқты шекараны қажет етпейтін ауруларға қатысты. Ал ортақ тілі мен мәдениеті бар елдердің бұл мәселеде бірігуі тиімді болатыны анық. «PwC» компанияның болжамынша, 2025 жылы деректердің дүниежүзілік нарығы 400 миллиард доллардан асып кетеді.
Жеке деректердің бағасын белгілеу
Деректердің қолжетімдігін арттыру барлық елдерге пайдалы. Алайда бұл деректер жеке адамдардан түседі. Қазірдің өзінде осы деректер көбінесе пайда табу үшін қолданады, болашақта бұл үрдіс арта түсетіні сөзсіз. Яғни, мұндай деректердің өз құны бар. Адамдардың өз жеке деректерінен түсетін табыстан белгілі бір үлесін алуына мүмкіндігі болуы керек.
Қазірде адамның жеке өмірінің құпиялығы жөнінде заңдар әр елде әртүрлі. Бұл деректер жинау мен оны таратуды қиындатады. Әрине жеке өмірді қорғау – дұрыс іс. Дегенмен, адам өз еркімен генетикалық мәліметтері мен ауру тарихын медициналық зерттеулер үшін тапсырғысы келсе, ол үшін табыс алатындай жағдай жасау қажет. Бұл негізінде бүкіл халыққа өз пайдасын әкеледі. Әрине бұл тек медицинаға ғана қатысты емес. Бір жағынан бізден түсіп тұрған ақпарат цифрлық шаң болып көрінуі мүмкін. Бұған әлеуметтік желілерде жазған хабарламаларымыз, ақылды сағаттарымыздың жаттығуларды немесе күнделікті көлік жүргізу әдетімізді талдауы кіреді.
Мұны жүзеге асырудың бір жолы тауар биржалары секілді деректердің бағасын анықтайтын алмасу алаңдарын құру болуы мүмкін. Егер әлдебіреулер, бұл жеке ел, мемлекеттер одағы, зертхана немесе кәсіпорын болсын, деректер қолданғысы келсе, төлем ретінде интернетте ақша ретінде пайдаланатын токендерді ұсына алады. Алмасу барысында деректер бағасы да анықталады. Жұрт осы бағаны көріп, өз деректерін нарыққа шығару жөнінде қажетті шешім қабылдай алады. Бұл істі реттеу үшін блокчейн қолданылуы мүмкін.
Қазірдің өзінде мұндай дерек алмасудың сынамалы жүйесі бар. Әлі жетілмегенімен, болашақта жаңа бір саланы дүниеге келтіруі ықтимал. Бұл бәрімізге тиімді болуы мүмкін. Сауда келісімдері үлгісінде шарттар жасалуы дамушы елдерге өте пайдалы болмақ. Жасанды интеллектің көмегімен дерек алмасу саласындағы жағдайды теңестіре алсақ, төртінші өндірістік революция жетістіктері елдер мен кәсіпорындарға біркелкі тарайды. Ал бұл өз кезегінде жаңа нарықты қалыптастырып, экономикалық өсімге түрткі болады.
Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org