05 сәу, 2023 сағат 15:23

Депутаттар Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту туралы ойын айтты

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаттары Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту туралы ұсынысқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттардан бұл ұсынысқа қалай қарайтынын сұрады.

Ермұрат Бапидің айтуынша, халықтың бастамасы мақсатқа жетуі керек.

"Бірінші кезекте мұндай ұсыныс азаматтардан, қала тұрғындарынан түсуі тиіс. Егер тұрғындар мәселені өздері көтеріп, мыңдаған дауыс жинап, оларды Парламентке, билікке берсе, онда орындауда ешқандай проблема жоқ. Бұл бастама өз мақсатына жетуі керек деп санаймын. Петиция құрып, Үкіметке, мемлекетке сұрақ қою керек. Мен дайынмын (бұл мәселені Парламентте көтеруге. - еск.), мұнда ешқандай проблема жоқ", - деп түсіндірді депутат.

Журналист сауалына жауап берген Айдарбек Қожаназаров туған қаласын мысал ретінде келтірді.

"Мен - Қостанайданмын, бізде Федоров, Урицкий ауданы, Ленин ауданы болды. Бірақ Урицкий ауданын тұрғындардың өздері Сарыкөл ауданы деп өзгертуге бастамашы болды. Ал Федоровте, керісінше, бұрынғы атауы сақталды. Біз халықаралық елміз және барлық мүддені ескеруіміз керек. Атап айтқанда, онда тұратын адамдардың мүддесін (Петропавл. - еск.) және ол туралы ойларын", - деді мәжілісмен.


Ал "Ақ жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашев "Әкімшілік-аумақтық құрылымдардың атауы Мемлекет басшысының құзырында" екенін қысқаша атап өтті.


видео: Tengrinews.kz