14 сәу, 2021 сағат 12:33

Депутаттар бензиннің қымбаттауына қатысты тексеру жүргізуді сұрады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Альберт Рау бензиннің қымбаттауына қатысты тексеру жүргізуді сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біздің депутаттық сауал соңғы уақытта жанар-жағармай нарығында бензин бағасының өсіміне байланысты болып отыр. Жыл басынан бері АИ-92 маркалы бензинінің құны Алматыда литріне 150 теңгеден 168 теңгеге дейін жоғарылады, ал Нұр-Сұлтанда - 170 теңгеге дейін, Ақтауда – 172 теңгеге дейін, Атырауда 200 теңгеге дейін жетті. Егер бұған дейін құзырлы ведомство мұндай баға құбылмалығын импортқа тәуелділік, мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеумен түсіндірсе, енді осы жолы себепті Атырау мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғылардың апаттық тоқтауымен байланыстырып отыр. Өндірістік кемшіліктерге «объективті себептерді» табуға болатыны белгілі. Дегенмен, бұдан автокөлік жүргізушілері зардап шекпеуі тиіс деп санаймыз», - деді Рау Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында. 

Осы орайда ол бензин бағасының өсуі тарифтердің, тауарлар мен қызметтердің соңғы құнына ықпал ететінін еске салды. Мұның салдарынан қарапайым тұтынушылар зардап шегеді. 

«Бензин бағасының өсіміне қатысты жаңалықтар тарағаннан кейін, Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта жанар-жағармай бағасына ведомство жауапты еместігі аталып өткен. Хабарламада қазіргі кезде мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы баға реттелмейтіндігі және нарықпен сұраныс әрі ұсыныс негізінде айқындалатыны жарияланған. Тұтынушы үшін соңғы баға мұнай өнімінің көтерме құнының, жанар-жағармай құю станциясына дейінгі барлық көлік шығыны, мұнай базасында сақтау, бөлшек сатушының шығыны, сондай-ақ акциздер мен салық негізінде қалыптасатындығы жазылған. Құзырлы ведомствоның осындай оғаш ұстанымы оларда бензин бағасының өсіміне әрекет етуде түсінікті стратегия мен тиісті іс-шаралардың жоқтығын байқатып отыр», - деді Рау. 

Бұл тұрғыда депутат Үкіметке тиісті ұсыныстарды жариялады:

1) жанар-жағармай нарығында жағдайды тұрақтандыру бойынша қажетті шараларды қабылдау:

2) бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін даярлап, енгізу; 

3) Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе жанар-жағармай нарығында баға бойынша келісу мен картельдік келісім ықтималдығына тексеру жүргізу.