12 сәу, 2023 сағат 15:39

Депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынды

Фото: Tengrinews.kz

Қазақстан халықтық партиясының депутаттары атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау керек деп санайды, өйткені оны алу процесі күрделі. Олар бұл мәселеге қатысты өз уәждерін вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдаған сауалында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

"АӘК-ке үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Әдетте әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан шаршайды. АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ. Оның орнына балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет", - деді Танашева вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттардың есебі бойынша, бұл жағдайда төрт балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңгені, екі балаға 140 мың теңгені құрайды. Ал бүгінде төрт балаға төленетін жәрдемақы 55 340 теңге немесе әр балаға айына 13 826 теңге.

"Бұл әлеуметтік қолдаудың ақылға қонымсыз мөлшері. Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, баспананың жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға айына 70 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз", - дейді Танашева.