23 қар, 2022 сағат 17:30

Депутат зейнетақы жинағының жеткілікті шегін төмендетуді ұсынды


Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткілікті шекті төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол 2020 жылы Президент зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат бергенін еске салды. Айтуынша, 1,3 миллионнан аса қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланған. Азаматтардың арнайы шотына 3,2 триллион теңге аударылған.

"Қазіргі инфляция мен БЗЖҚ-ның кірістілігі теріс екенін ескерсек, сол уақытта зейнетақы жинағын пайдаланып үлгерген адамдар Қасым-Жомарт Кемелұлына осы шешімі үшін риза шығар деп ойлаймын. Олар бұл ақшаға пәтер сатып алды, қазір ол баспананың құны да өсті. Денсаулығын жақсартты және тағысын тағы. Алайда жеткілікті шектің мөлшері көтерілгеннен кейін, әлемде баламасы жоқ бұл бастаманың мәні жоғалып кетті", - деді Жамалов.

Оның сөзінше, басқа елдер Қазақстанның тәжірибесін мұқият зерттеп, тіпті қолданып жатыр деген ақпарат та бар.

"Осыған байланысты Үкімет зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шегін төмендету туралы мәселені қайта қарауы қажет деп санаймын", - деді Жамалов Премьер-министр мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен қатар, ол қазақстандықтарға инфляциядан асатын инвестициялық табыстың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін беру қажет деп есептейді.

Еске салсақ, биыл 1 сәуірден бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі күрт өсті. Егер былтыр 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, 2022 жылы ол 5 060 000 теңгені құрап отыр.

Айта кетері, зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алғысы келетін азаматтың шоттағы қаржысы ең төменгі жеткілікті шектен асуы керек. Шекті межеден асқан ақшаның барлығын емделуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға (мысалы, пәтер сатып алу немесе үй салу) жұмсауға болады.

Әр жастың өз шегі бар. Ең төменгі жеткілікті шектің мөлшері жыл сайын қайта есептеліп отырады.