Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Парламенттің бірлескен отырысында «ақжолдықтардың» Үкімет пен Есеп комитетінің бюджет туралы есебін бекітуден неге бас тартқанын түсіндірді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі бюджеттің орындалуы туралы баяндамаларды байқасаңыз, көбі сынға толы болды. Бірақ біз неге қалыс қалып, қалғандары неге қолдағаны өзге партияларың өз жұмыстары шығар. Біздің ұстаным айқын. Ұлттық қор бір жылда 55 млрд долларға кемісе, қалай оны қолдауға болады? Ұлттық қор деген болашақтың несібесі ғой. Біз болашақтың несібесіне қол салып жатырмыз. Сондықтан бюджеттің бұлай орындалуын біз қолдай алмаймыз», - деді Мәжіліс өкілі.
Депутат елдегі жекешелендіру саясаты мен инвестициялық жобалардың бір-біріне қайшы келіп жатқанын атады.
«Бір қолымызбен пәлен миллиардқа медициналық обьектілер салып, екінші қолымызбен дәл сондай нысандарды өз бағасынан арзанға сатып жатырмыз. Оны қалай қолдауға болады? Экономикалық аймақтар деп отырмыз. Ол аймақтар табыс әкеліп, жұмыс орындарын ашады, елімізге көл-көсір пайда әкеледі дедік. Олардың қазір экономикадағы алатын рөлі 0,1 пайыз ғана. Қаншама қаржы құйылды?! Жеке тараптардан, жеке азаматтардан инвестиция тартылған жоқ. Бүкіл квазимемлекеттік сектор салып отыр. Мұндай көзбаяушылықпен экономикалық аймақ құру не үшін керек?», - деді Берік Дүйсенбинов.