Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова шетелдегі қандастардың Қазақстандағы оқу орындарына түсуі үшін қолайлы жағдай жасауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 30-жыл толды. 1991 жылдан бері елімізге 1,5 млн-нан астам қандасымыз Атажұртымен табысып, Тарихи Отанының дамуына еңбек етуде. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлы көш датасын күнтізбеге енгізуді тапсырған болатын. Шетелде тұратын этникалық қандастарымыздың Қазақстанда білім алуы 1994 жылдан бастау алады. Ол кезде қандастарымыздың Қазақстанда тегін білім алуға арналған мемлекеттік квота 2% құрады. 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тікелей тапсырмасымен мемлекеттік квота 4% - ға дейін өсті. Бірақ бүгінгі таңда, оқуға түсуге ниет білдіргендердің саны көп болуына қарамастан, студент атанғандар жылдан жылға азаюда», - деді Ж. Сүлейменова Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол бұл мәселенің негізгі себептеріне тоқталды.
Шетелдегі қандастарымыз үшін Қазақстанның білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі немесе болмауы, шетелдегі қандастар арасында қазақ тілін үйренуге тиісті оқу-әдістемелік базаның болмауы, сондай-ақ этникалық қандастарымыз үшін ҰБТ емтихандарын тапсырудың қиындығы әсер етіп отыр.
«Өйткені, қазақстандық білім беру бағдарламасы бойынша 11 жыл оқыған талапкер де, Қазақстанда ешқашан оқымаған немесе тек 9 айлық дайындық курсынан өткен қандастарымыз тең дәрежеде тест тапсырады. 2019 жылы ҰБТ-ға қатысуға құжат тапсырғандар саны 2000 адам болса, оның 863-і ғана оқуға түсті. Ал 2021 жылы ҰБТ-ға қатысуға құжат тапсырғандар саны2478 адам болса, соның небәрі 796-сы ғана оқуға түсті», - деді депутат.
Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары шетелдегі қандастарымызға арналған жаңа білім беру концепциясын қарастыруды және қандастарымыздың елге оралып, тегін білім алуына қатысты келесі ұсыныстарды енгізді:
Біріншіден, этникалық қазақтар үшін халықаралық емтихандармен сәйкестендіре алатын ҰБТ-ның баламалы емтиханын енгізуді қарастыру қажет. Сонымен қатар, дайындық курстарын тілдік курстарға өзгерту ұсынылды.
Екіншіден, этникалық қандастарымызға Болон процесі және академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен доктарантураға жеке квота бөлуді қарастыру ұсынылды.
Үшіншіден, қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық білім беру гранттары аясында этникалық қандастарды барынша тарту қажет.
Төртіншіден, шетелдегі этникалық қандастар арасынан педагогтар мен ғылыми қайраткерлер қауымдастығын құру ұсынылды. Онлайн форматта қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, балалар әдебиеті бойынша шетелдегі қазақ қауымының тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, әмбебап кітаптар әзірлеу, Qazaq TV-де қазақ тілін оқытудың телевизиялық нұсқасын іске қосу (120 елдің аудиториясы) керек. Шетелдік жоғары оқу орындарында «Қазақ тілі» бөлімдері бар факультеттерге қаржылық, гуманитарлық және әдістемелік қолдау таныту маңызды.
Бесіншіден, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қазақ мектептері сақталған Өзбекстанда – 370 мектепке, Моңғолияға – 43 мектепке әдістемелік және ғылыми қолдау көрсету қажет. Бұл мектептердегі мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды қолға алу өзекті.
«Сонымен қатар, Ресей Федерациясының аумағында қазақ тілін оқыту мүмкіндіктерін қарастыруға байланысты білім беру ұйымдарымен жұмысты күшейтуді ұсынамыз», - деді Ж. Сүлейменова.