21 сәу, 2021 сағат 10:55

Депутат отандық асыл тұқымды мал басын көбейтудің қадамдарын айтты

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин еліміздің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген отандық асыл тұқымды малдардың сапасын арттыру мәселесін көтеріп, депутаттық сауалын Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың қорытындысы бойынша асыл тұқымды малдарды есепке алудың мемлекеттік тіркелімінің деректеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының облыстары бойынша асыл тұқымды ірі қара мал басы жалпы мал басының 8,8 пайызынан 16,3 пайызына дейін құрайды. Былтыр 7 777 шетелдік асыл тұқымды мал әкелінді. Асыл тұқымды ІҚМ санының өсуі жылдар бойынша 1 пайыздан аспайды. Салаға субсидиялау түрінде жеткілікті көп қаражат бөлінгенімен, өсу қарқынының мұндай төмендігі саланы дамыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді», - деді депутат.

Оның пайымынша, отандық асыл тұқымды ауылшаруашылық малдары сапасы мен өнімділігі бойынша импорттан кем түспейді. Мысалы, біздің елде шығарылған «Қазақтың ақбас» тұқымы көрші Ресей Федерациясынан сатып алынады. Импорттық мал отандық малға қарағанда 2-3 есе қымбат екенін ескере отырып, бюджет қаражатының шет елдерге кетіп, сол арқылы олардың экономикасын көтереді деп болжауға барлық негіз бар. 

«Мәселен, шетелден сатып алынған ірі қара малының бір басына субсидиялар нормативі 300 мың теңгені құрайды, ал өзімізде өсірілген дәл осындай асыл тұқымды ірі қара малының бір басына одан екі есе аз берілетінін айтсақ, бұл отандық мал өсірушілердің еңбегін қолдаудың деңгейін көрсетеді. Мал шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шараларын толық қаржылық қамтамасыз етілмеуі үлкен проблемаға алып келеді. Мысалы, Ақмола облысы бойынша биыл қамтамасыз етілу қажеттіліктің тек 34 пайызын, Ақтөбе облысы бойынша 67,8 пайызын құрайды. Кейбір бағыттар бойынша өнім өндіру еселеп ұлғайса да, қаржыландырудың жоспарлы лимиттері соңғы жеті жыл ішінде өзгерген жоқ», - деді Аманғали Бердалин.

Мал шаруашылығының жағдайын жақсарту, атап айтқанда асыл тұқымды малдың отандық селекциясының гендік қорын ұлғайту, сондай-ақ сүт пен ет өндірісін одан әрі арттыру үшін инвестициялық жобаларды іске асырудың маңыздылығын ескере отырып: 

1) ҚР АШМ әзірлеп жатқан Қазақстан Республикасының 2022 – 2026 жылдарға арналған Аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында осы жобаларды шешу;

2) Асыл тұқымды ірі қара малының субсидиялау нормативтерін ұлғайту арқылы отандық асыл тұқымды мал басын көбейтуге, оның ішінде селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс нормативтерін ұлғайтуға бағытталған пәрменді шаралар қабылдау, сондай-ақ отандық асыл тұқымды шаруашылықтардан сатып алуға жеңілдікпен кредит берудің пайыздық мөлшерлемесін төмендету; 

3) Сүт-тауар фермаларының құрылысы капиталды және энергияны көп пайдаланатын болғандықтан, несиелеудің пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, қайтарымы мен негізгі борышты өтеу бойынша кемінде 3 жыл жеңілдікті кезең енгізу сұралды.