25 қаң, 2017 сағат 11:05

Депутат: Киiктердiң жойылып кету қаупi төнiп тұр

Елiмiзде 2010 жылдан бастап киiктердiң жаппай қырылуы басталды. Бiрақ әлi күнге дейiн киiк қырғынының негiзгi себебi анықталмай отыр. Iндет себебi ашылмаса, табиғи апаттың қайталанбасына кепiлдiк жоқ. Яғни, киiктердiң жойылып кету қаупi төнiп тұр. Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков осы мәселенi көтерiп, Үкiмет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан киiк қырғынының себебiн ашу бойынша тиiстi жұмыстарды жандандыруды сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Ғасырлар бойы сайын даламызда халқымызбен бiрге өсiп-өнген, төрт түлiгiмiздей болған асыл қазынамыздың бiрi киiктердiң жойылып кету қаупi төнiп тұр. Жануарларды мүйiзi үшiн қынадай қырған браконьер-қарақшыларды айтпағанда, соңғы жылдары орын алған табиғи апаттар - киiктердiң қырылуы Қазақстандағы киiктердiң жер бетiнен мүлде жойылып кетуiне ұласуы мүмкiн деген қауiпке негiз болып отыр», - дедi Ж.Ахметбеков.

Ресми мәліметтерге жүгiнсек, 2010 жылдан бастап Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында киiктердiң жаппай қырылуы басталды. 2015 жылы Батыс Қазақстан облысында 120 мың киiк қырылып қалды. Депутаттың айтуынша, бұл қырғын басталғаннан берi 7 жыл өтсе де, осы күнге дейiн киiк қырғынының негiзгi себебi анықталмай отыр.

«Деректерге қарасақ, 1996 жылы Қазақстанды мекен ететiн киiктiң ұзын саны 1 миллион басқа жетiптi. Бiрақ бас-аяғы 10 шақты жылдың iшiнде киiктердi аулайтын браконьерлерге қатысты мемлекеттiк бақылаудың болмауы салдарынан киiктер жойылып кетудiң аз-ақ алдында қалды. Атап айтсақ, 2013 жылы Қазақстанда бар-жоғы небары 21 мың киiк қана қалған», - дедi ол.

Депутаттың айтуынша, мемлекет тарапынан киiктердi қорғау шаралары жасалған. Алматыда 2006 жылы киiктер мен бөкендердi қорғауды көздеген арнайы басқосу болып, сиреп бара жатқан аңдарды қорғау бойынша арнайы бағдарлама жасалды.

«Ресей мен Қазақстанда киiктi қорғау бойынша ауқымды шаралар қолға алынды. 2013 жылы бұл шараға Өзбекстан да қосылды. Осы шаралардың бәрi киiк басының көбеюiне игi әсерiн тигiздi. Қорғау шараларының нәтижесiнде киiктер саны тұрақтанып, олардың өсу серпiнi байқалды. Аталған мемлекеттердiң өз аумақтарында киiктердi аулауға тыйым салып, бiрлескен бақылау жасақтарының құруы өз нәтижесiн берiп, киiктердiң жалпы саны Қазақстанда iндетке дейiн 250 мың басқа дейiн жеттi», - дейдi Ж.Ахметбеков.

2015 жылғы қырғыннан кейiн үкiмет киiктiң жаппай қырылуының себептерiн анықтау үшiн ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Бұл топқа шетелдiк және жергiлiктi ғалымдар кiрген. Бiрақ кейiн қырғынның нақты себебi бойынша сарапшылардың ортақ пiкiрi болған жоқ.

«Яғни, киiк қырғынының ең негiзгi себебi әлi күнге дейiн анықталған жоқ. Егер бұл мәселеде отандық ғалымдар дәрменсiз болса, мүмкiн дүниежүзiнiң тиiстi орталықтары мен ғалымдарына жүгiну қажет болар. Iндет себебi ашылмаса, табиғи апаттың қайталанбасына кепiлдiк жоқ. Яғни, киiктi мүлдем жойып алуымыз әбден мүмкiн. Онда бұл ғасыр қасiретi үшiн болашақ ұрпақ алдында кiм жауапты деген сауал туындайды. Осы қасiреттiң алдын алу үшiн сiздiң назарыңызды осы жағдайға аудара отырып, киiк қырғынының себебiн ашу бойынша тиiстi жұмыстарды жандандыруды сұраймыз», - деп депутаттық сауалын түйiндедi Ж.Ахметбеков.