Соңғы апталарда елдегі еңбек ұжымдары арасында митингілер мен ереуілдер саны артып келеді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смышляева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл митингілер келіссөздер кезеңінен тыс кетіп жатыр. Бұл өз кезегінде алаңдатады. Еңбек қатынастары саласында жұмысшылардың, жұмыс берушілердің және мемлекеттің тиімді өзара іс-қимылын әлеуметтік серіктестік жүйесі қамтамасыз етуі тиіс еді. Бірақ қазіргі түрінде ол нәтиже бермей отыр», - деді Смышляева Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғажановтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, екі жыл қатарынан еліміздегі үш жақты келісімді өңірлер деңгейінде екі тарап бекітіп келеді, яғни кәсіподақ пен мемлекет. Бұған дейін жұмыс берушілер атынан «Атамекен» палатасы шығатын. Алайда, кейіннен палата бұл өкілеттіктен бас тартқан.
«Дәл осы палата шын мәнінде жұмыс берушілердің монополиялық ұйымы болып саналады, кезінде барлық салалалық қауымдастықтарды өзіне қамтыған еді», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, өңірлер әкімдері жұмыс берушілерден ұжымдық шарттарды талап етіп отыр. Осы орайда оңтайлы жетістіктер жасаған. Қазіргі кезде 150 мыңнан астам келісім бекітілді.
«Алайда құжаттың сапалы жасалуына мүмкін болмай тұр. Шарттардың басым бөлігіне кәсіподақ емес, «жұмысшылардың өкілі» қол қойып келеді. Шарттар тыңғылықты сараптамасыз инспекторлар тарапынан тіркеліп, еңбек кодексінің нормаларын қайталап отыр. Сондықтан ұжымдық шарттар негізгі қадамдарды қамтымайды, яғни еңбекті төлеу мәселелері ескерілмеген», - деді депутат.
Оның пайымынша, жұмыс берушілер үнемі әлеуметтік серіктестік жүйесіне қатыспау мүмкіндіктерін қарастырады. Атап айтқанда, бұл негізінен жеке инвесторлға қатысты.
Бұл тұрғыда әлеуметтік серіктестік рөлін күшейту мақсатында мына ұсыныстар жасалды:
- Бас келісімге қол қоятын үшінші тарапты айқындау.
- Ұжымдық шарттар мазмұнына сараптаманы күшейту.
- Барлық деңгейдегі үшжақты комиссиялар құрамын қайта қарау. Олардың жұмысының жариялығын қамтамасыз ету үшін отырыстардың онлайн-трансляциясы тәжірибесін енгізу.
-Инвестициялық шарттарды құрған кезде инвесторлардың әлеуметтік серіктестік жүйесіне қатысуы міндетін енгізу.