15 қыр, 2022 сағат 12:38

Депутат елорда атауын өзгертуге кететін шығын туралы айтты


Елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтанның атын Астана деп өзгерту 2019 жылғыдан арзанырақ болуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, 2019 жылы маңдайшаларды, бланкілер мен мөрлерді ауыстыруға шамамен 30 миллион теңге жұмсалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Елордалық мәслихат депутаттары Нұр-Сұлтанның атауын Астана деп өзгерту туралы ұсынысты қоғамдық тыңдауда қарады.

"Қазір барлық мемлекеттік органдар цифрлық құжат форматына 100 пайыз көшті. Әкімдік 2019 жылы маңдайшаларды, бланктер мен мөрлерді ауыстыруға шамамен 30 миллион теңге жұмсаған болса, биыл цифрлық құжат айналымына көшкенімізді ескерсек шығын әлдеқайда аз болады деп ойлаймын. Өйткені қазір көптеген мемлекеттік органдар бланкімен ештеңе жібермейді, тек ЭСҚ пайдаланады", - деді Каналимов.

Депутат шығындар жергілікті бюджет есебінен төленетінін ескертті.