Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға Дінмұхамед Қонаевтың атын беріп, ірі қалаларда ығы-жығы құрылыс салуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметке елдің Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалаларында ығы-жығы құрылыстарға заңнама деңгейінде тыйым салу қажет. Ахуал шектен шығып барады, жергілікті әкімдіктер жағдайды игере алмай отыр. Кей жағдайда өз әрекетімен ахуалды ушықтыруда. Әкімдіктер мен құрылысшылардың шешімді ылғи кулуарда шешуі қала тұрғындарының әділетті наразылығын туғызып, өздерін жайсыз сезінуге себепкер болды. Президенттің тапсырмасына қарамастан, Алматыда бұл мәселе шешіліп жатқан жоқ. Алматы қаласы әкімдігінің қазіргі құрамына алдыңғылардан қолайсыз жобалар қалған. Үкімет деңгейінде жүйелі шешім қажет. Шын мәнінде бұл - айсбергтің су бетіндегі көрінісі ғана», - деді депутат Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Айтуынша, сәулет-құрылыс саласына бірқатар түйткілді мәселелердің жиынтығы бойынша тәртіп орнату қажет.
«Әкімдіктердің сәулет-құрылыс саласына қатысты шешімдері ашық шығарылмайды. Шешім шығару кезінде қала тұрғындарының, сәулетшілер мен урбанистердің пікірі ескерілмейді. Көлік, әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін ескерусіз шешім қабылданады. Құрылыс компанияларының жергілікті атқарушы органдарды манипуляциялауының салдарынан қалалық орта мен жасыл аймақтар деградацияланып, қалалардың құрылысы жүйесіз жүріп, «адам илеулері» пайда болып жатыр. Жалпы қалалықтардың өмір сапасы нашарлады. Осылайша құрылыс компаниялары табысқа кенеліп, тұрғындар мен әкімдіктер проблемаларға тап келіп жатыр. Макродеңгейде бұл жағдай қалалардың теңгеріммен дамуына және ұлттың экономикалық, креативті өсу орталығына айналуына кедергі келтіреді», - деді ол.
Депутаттың пайымынша, бұл жағдай «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымына түбірімен қайшы.
«Сондай-ақ, Алматы тұрғындарының бастамасын қолдай отырып, Мемлекет басшысының Қапшағай қаласының атауын өзгерту бастамасының жалғасы ретінде Үкіметке Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға Дінмұхамед Қонаевтың атын беруді ұсынамыз», - деді депутат.