27 қар, 2020 сағат 08:41

Депозиттердің долларлану деңгейі төмендеді – Ұлттық банк

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов биылғы жылдың 10 айындағы депозиттердің көлемі туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның мәліметі бойынша, банк жүйесіндегі депозиттер биылғы 10 айда 15,3%-ға немесе 2,916 трлн теңгеге өсіп, 21,938 трлн теңгеге жеткен. 

«Оның ішінде теңге салымдары – 20,0%-ға немесе 2,160 трлн теңгеге өсіп, 12,980 трлн теңгеге жетті. Валюталық салымдар мейілінше қалыпты қарқынмен – 9,2%-ға немесе 756,1 млрд теңгеге, осы жылғы қазанның соңындағы 8,957 трлн теңгеге дейін өсті. Валюталық депозиттерді бағамдық қайта бағалау жиынтық депозиттердің өсуі 15,3%- құрады»,– дейді Жандос Шаймарданов. 

Депозиттердің долларлануы жылдың басынан бастап 43,1%-дан 40,8%-ға дейін, оның ішінде корпоративтік сектор депозиттерінің долларлануы 44,8%-дан 40,7%-ға дейін, бөлшек сектор бойынша 41,3%-дан 40,9 пайызға дейін төмендеп кетті.