Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры 2021 жылдың қараша айына теңгелік депозиттер бойынша ең жоғары ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесін бекітті.
Бұл туралы ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қысқа мерзімді салымдар бойынша мөлшерлеме ұлғайды. 3 және 6 айлық мерзімді және жинақ салымдары бойынша максималды мөлшерлеме 0,2 пайыздық тармаққа ұлғайды. Бұған инфляцияның өсуіне байланысты банктердің нарықтық мөлшерлемелерінің де өскендігі және депозиттердің бұл түріне деген сұраныстың артқандығы себеп болып отыр. Бұл енді қысқа мерзімді (3 және 6 айлық мерзімді және жинақ) депозиттердің жинақтық тартымдылығын және олардың мерзімсіз салымдар алдындағы артықшылығын нығайта түспек.
12 айға арналған жинақ салымдардың толықтыруға болатын түрі бойынша мөлшерлеме 12,6%-ға дейін, ал толықтыруға болмайтын түрі бойынша 13,8%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте 12 айлық жинақ салымдардың толықтыру құқығы жоқ түрі - ең табысты салым болып қалуда.
Қор нарықтық мөлшерлемелер мониторингін негізге ала отырып, мерзімсіз, 12 және 24 айлық мерзімді салымдар, сондай-ақ 24 айлық жинақ салымдар бойынша мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды.