12 жел, 2019 сағат 12:45

Денсаулық сақтау вице-министрі Шымкенттегі ауруханаларды аралады

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Шымкенттегі медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Камалжан Надыров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар барысын саралап көрді. Онкологиялық орталықтағы емхананың электронды қызметтерімен және цифрландыру жүйесі бойынша жұмыс істеу қарқынымен танысты.

Мұнан соң қалалық перинаталдық орталыққа ат басын бұрып, ситуациялық орталықтың жұмысын көрді. Аталған орталықтағы бірыңғай жүйе арқылы перзентханадағы мамандар жүктілікпен есепте тұратын әйелдердің денсаулық жағдайын бақылап отырады. Бұл жүйе арқылы мамандар ана мен бала өлімін азайтып, шұғыл көмекті қажет ететін аяғы ауыр әйелдерге дер кезінде медициналық көмек көрсетпек.

Вице-министр сондай-ақ, перзентханадағы тренинг орталыққа барды. Бұл орталықта акушер, гинеколог, неонатолог, реаниматолог сынды мамандар алғашқы медициналық қызмет көрсету бойынша біліктілігін арттырады. Тренинг орталығының жұмысын вице-министр жоғары бағалап, дәріс беретін мамандарға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Қамалжан Надыров жұмыс сапары барысында №3 қалалық емхананы аралады. Бұл емханада мамандар 100 пайыз цифрландыру жүйесі бойынша халыққа медициналық қызмет көрсетеді.