13 нау, 2017 сағат 12:47

Министрлік ата-аналардың балаларына екпе еккізуден бас тарту себептерін атады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналардың балаларына екпе еккізуден бас тарту себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Гүлнар Сәрсенбаева бүгінгі таңда Қазақстанда мақсатты топтағы балаларды вакцинамен қамтамасыз етуі 95 пайызға жетіп отырғанын баса айтты.

«Яғни, біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сай келеміз. Соның арқасында бүгінгі күні балалар арасында дифтерия, полиомиелит дерттеріне шалдығу деректері тіркелген жоқ. Қызылшамен ауыру 19 есе төмендеді», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі 1998 жылдан бастап В вирустық гепатитіне вакцина жүргізген сәттен бері балалар арасындағы вирустық гепатитпен ауру деңгейі мың есеге жуық төмендеп отыр.

«Дегенмен, қазіргі уақытта ата-аналардың вакцинадан бас тартулары орын алып жатқанын атап өткен орынды. Негізгі себептердің бірі ата-аналардың жеке нанымы және діни наным-сенімі  болуында. Сонымен қатар БАҚ-тағы теріс ақпараттарға байланысты да бас тартып жатады. Мүмкіншілікті пайдалана отырып БАҚ өкілдерінен вакцина мәселесіне қатысты шынайы және сенімді ақпараттар беруді өтінеміз», - деді Гүлнар Сәрсенбаева.