Алматыда Денис Теннің өліміне күдіктілер 23 қазанға дейін қамауда отыратын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты 11-12 қыркүйекте арнайы қаулы шығарды. Күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі 3 айға дейін, яғни 23 қазанға дейін созылды», - деді қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетов.
Еске салсақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00-дер шамасында болған.
Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсынан жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар күдіктілер ұсталып, қылмыстарын мойындады.