Денис Теннің өліміне қатысты үшінші адам ұсталды, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат"
Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжановтың айтуынша, үшінші адам тиісті ақпаратты уақытында жеткізбегені үшін жауапқа тартылып отыр.
«Иә, Денис Теннің өлімі бойынша үш адам ұсталды. Үшінші адамның аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Ол тиісті ақпаратты уақытында айтпағаны үшін жауапқа тартылып отыр», - деді М.Аxметжанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады.
Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.
20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов ұсталды.