Желіде Денис Тенге шабуыл жасауы мүмкін күдіктілердің видеосы таралып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кадрдан арттарына қарайлап, тез-тез кетіп бара жатқан екі жігітті байқауға болады.
Біз құзырлы органдардың бұл видеоға қатысты ресми жауабын күтіп отырмыз.
Еске сала кетсек, бейсенбі күні Алматыда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланды.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.