20 шіл, 2018 сағат 17:23

Денис Тенді өлтірді деген екінші күдікті cырттай қамауға алынуы мүмкін

Алматы қалалық сотына Денис Теннің өліміне екінші күдікті Арман Құдайбергеновті сырттай қамауға алу туралы өтініш түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2018 жылы 20 шілдеде Денис Теннің өліміне қатысты іске байланысты Алмалы аудандық сотына Құдайбергенов Арман Бөрібайұлы деген тұлғаны сырттай қамауға алу туралы өтініш келіп түсті. Күдікті ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімімен айыпталып отыр», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінен. 

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.