Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге қастандық жасады деген күдікпен ұсталған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновтың берген түсініктемелері әртүрлі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповқа сілтеме жасап.
Бұған дейін Нұрлан Қиясов «Денис Тенді ұрмадым, пышақ салмадым, жәй ғана қарап тұрдым» деп мәлімдеген болатын. Кейінірек екінші күдікті Арман Құдайбергенов спортшыға екі рет пышақ салғанын мойындады. Алайда, бетпе-бет кездесу барысында Нұрлан Қиясов пышақты өзі салғанын мойындады.
«Күдіктілердің ауыр қылмысты бір-біріне сілтеуі бүгін ашылған жаңалық емес. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, қай күдіктінің пышақ жұмсағанын толық анықтауға мүмкіндік беретін сараптамалар жүргізіп жатырмыз. Екі күдіктінің түсініктемелері бір-біріне қайшы келіп тұр, нақты сараптамалардан соң пышақтың кімнің қолында болғанын нақты анықтаймыз», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Тен өлімін тергеу туралы арнайы брифингте.
Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады.
Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.
20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов ұсталды.
Ал бүгін Денис Теннің өліміне қатысты тың деректер шықты. Алматы ІІД ақпаратынша, оқиғаны көзбен көрген адамдар табылған. Бетпе-бет кездесу барысында Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ сұққанын мойындады. Бұған дейін Арман Құдайбергенов пышақ жарақатын салғанын айтқан еді. Екі күдікті де бұрын заңды бұзған.