24 шіл, 2018 сағат 11:16

Денис Тен ісі: күдікті Құдайбергенов Астана аумағынан шықпау туралы қолхат берген

Олимпиада чемпионы Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергенов қайғылы оқиғадан 10 күн бұрын елордада ұсталып, Астана аумағынан тыс шықпау жөнінде қолхат берген. Бұл жөнінде ҚР ІІМ өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Брифнг барысында вице-министрге сауал қойған журналистер қоғамдық белсенділер Ішкі істер министрлігінің құрылымын реформалауды талап етіп, тамыз айының басында бейбіт митингке шығуды жоспарлап отырғанын, осы оарйда ІІМ бұған тосқауыл жасап, адамдарды қамауға алуын мүмкін бе екенін сұрады.

«Бейбіт митингтер мен шерулер өткізуге қатысты сәйкес заңнама бойынша мұндай шараларды өткізуге жергілікті биліктің рұқсаты керек. Егер билік рұқсат берсе, онда, әрине, ол митинг өтеді. Айта кету керек, Ішкі істер министрлігі мемлекеттік орган ретінде митингтерді тарату немесе тоқтату бойынша өз бетінше шешім қабылдамайды», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, ол Денис Теннің өліміне қатысы бар күдіктілердің бірі Астанада көлік айналарын ұрлау ұстінде ұсталғанына қатысты пікір білдірді.

«Расында да Арман Құдайбергеновті астаналық патрульдік бекет шілде күні жасағы көлік айналарын ұрлау үстінде ұстаған. Оған қатысты заңға сәйкес, жеделдетілген процедурада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бұл процедура бойынша тергеу 15 күнде жүруі тиіс және бұлтартпау шарасы ретінде тіркеліп тұру шарасы қолданылған. Тіркелу міндеттемесі күдіктінің қалаларға баруына шектеу салмайды, тек белгіленген уақытта келіп тұрса жеткілікті», - деді Рашид.

Еске сала кетсек, БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергенов 11 шілде күні астаналық тұрғынның көлік айнасын ұрлау үстінде Астана полицейлеріне ұсталғанын, Алматы ауданының ішкі істер бөліміне жеткізілген. Іс бойынша сот тыңдалымы 20 шілдеде Астанадағы Алматы аудандық сотында өтуі тиіс еді. Алайда, бұл күні кешке А. Құдайбергенов танымал спортшының өліміне күдікті болып, Алматыда ұсталды. Кейінірек анықталғандай, көлік ұрысы қала аумағынан шықпау туралы қолхат жазып босатылған. Бірақ, ол Алматы қаласына кетіп, ұрлығын жалғастырған.

Брифинг барысында, сондай-ақ, министрдің орынбасары полиция Денис Теннің өліміне қатысы бар күдікті ретінде кездейсоқ адамдарды қамауға алмағанын мәлімдеді.