ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков «Delta Bank» АҚ-ның банктік және өзге де операцияларды жүргізуге, құнды қағаздар нарығында қызмет атқаруға арналған лицензиясының қайтарылып алынуына қатысты БАҚ өкілдерінен түсіп жатқан сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Delta Bank» АҚ-ты лицензиядан айыру туралы шешім келесі факторлардың болуына негізделген. Бірінші кезекте, заемшыларды несиелеуге мүмкіндік берген кредиттік тәуекелдерді басқару бойынша ішкі процедуралардың жеткіліксіздігі, тұрақсыз қаржылық жай-күйдің болуы, сонымен қатар сапалы кепілмен қамтамасыз етілмеген займдарды беру кредит бойынша өтеу мерзімі өтіп кеткен берешектің айтарлықтай өсіміне түрткі болды. Мәселен, 2017 жылдың 1 қазанында өтеу мерзімі өтіп кеткен займдар банктің ұарыз қоржының 99,7 пайызын (314,8 млрд теңге) құрады», - деді ол.
Оның айтуынша, екіншіден, лицензиядан айыру туралы шешім қабылданған кезде банктің корреспонденттік есепшоттарында және кассасында қалған ақша 215,1 млн теңгені құраған. Ал дәл осы кездегі депозиторлар мен кредиторлар алдындағы өтеу мерзімі өтіп кеткен міндеттеме сомасы шамамен 79,8 млрд теңге болған. Осыған байланысты Ұлттық банк ұзақ уақыттан бері «Delta Bank» АҚ менеджерлерімен және акционерлерімен ашық сұхбат жүргізіп, банкке қаржылық қолдау қажет екендігін белгілеп берген. Алайда банктің ірі акционері тарапынан банкке қаржылай қолдау көрсетілмеген.
«Банк секторындағы жиынтық активтер мен міндеттемелердегі бұл банктің активтері мен міндеттемелерінің үлесі төмен екендігіне байланысты банктің лицензиядан айырылуы өзге қаржылық институттарға қандай да бір тәуекел әкелмейтіндігін атап өтеміз. ҚР Ұлттық банкі төрағасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №402 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалып, оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттігі берілді. Уақытша әкімшілік сотпен тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады», - деді Олег Смоляков.
ҰБ төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, 3 қарашадан бастап клиенттердің және банктің банктік есепшоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Тек өкілетті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген шығыстармен байланысты банкке түсетін ақшаларды аудару ғана жүргізіледі.
«ҚР Ұлттық банкі белгіленген заңнамалық тәртіппен сотқа банк қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату туралы арыз берді», - деді ол.
Бұған қоса, ол аталған банк жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті кепілдендіру жүйесіне қатысуы екендігін ескертіп өтеді. Оның дерегінше, теңге түріндегі депозит бойынша кепіл берілген сома 10 млн теңге дейінгі, ал шетел валютасында 5 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Осыған байланысты депозиторларға белгіленген тәртіппен кепіл берілген сома өтеледі.