07 қаз, 2021 сағат 18:19

Декларация: Қазақстандықтар 2022 жылдан бастап шетелдегі шоты туралы мәлімет беруі тиіс


Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде декларация тапсырған азаматтар 2022 жылдан бастап, жыл сайын 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынуы тиіс. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру мерзімі (250.00 нысан), яғни жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылдың 15 қыркүйегінде аяқталды. 

Айта кетсек, бірінші кезеңде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар ( квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, Парламент және мәслихат депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер және т.б. ), бағалы қағаздардың ірі иегерлері, банктердің ірі қатысушылары, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, сондай-ақ осы аталғандардың жұбайлары (зайыптары) ұсынған болатын. 

«2021 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация (250.00 нысан) тапсырған жеке тұлғалар кейіннен 2022 жылдан бастап, жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысан) тапсыруы тиіс, онда жеке тұлғалар күнтізбелік жыл ішінде, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде салық шегерімдері бойынша алынған кірістер туралы неғұрлым толық ақпаратты, сатып алу және (немесе) иеліктен шығару және (немесе) мүлікті тегін алу туралы, Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша туралы және басқа да мәліметтерді көрсетеді», - деп хабарлады МКК-де.

Салық заңнамасына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны бірінші кезеңде табыс ететін жеке тұлғалар үшін қағаз жеткізгіште декларацияны табыс ету мерзімі табыс ету жөніндегі міндеттеме туындаған жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей, ал электронды түрде декларацияны табыс ету жөніндегі міндеттеме туындаған жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмейтін мерзімді құрайды.

Бұйрық 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.