03 там, 2022 сағат 18:03

ДДСҰ басшысы бейресми сапармен Алматыға келді


ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Алматыға келді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Ол Қазақстанға бейресми сапармен келген. Қазақстанда оның құдалары тұратыны белгілі.

Тедрос Адханом Гебрейесус еліміздің жетекші медициналық университеті - Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне (ҚазҰМУ) барған.


Асфендияров атындағы ҚазҰМУ баспасөз қызметі мәліметінше, медициналық университетте ДДСҰ басшысын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қарсы алған. Ол университеттің құрметті қонақтары кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ, Тедрос Гебрейесус Академик Шарманов атындағы Даңқ залында қазақстандық ғылым мен медицинаның жетекші қайраткерлері – ҚазҰМУ профессорларымен кездесті, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың дамуы туралы сұрақтарға жауап берді.

ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ДДСҰ басшысына Қазақстанның жетекші медициналық университетіне келгені үшін алғысын білдірді.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры лауазымына екінші мерзімге сайлануыңызбен құттықтаймыз. Пандемияның алғашқы күндерінен бастап ДДСҰ мүше мемлекеттерге қолдау көрсетіп келеді. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы сізбен онлайн кездесуінде және ДДСҰ ассамблеясында сөйлеген сөзінде пандемия кезінде Қазақстанға көрсеткен көмегіңізді жоғары бағалайтынын айтқан. Ол кезде мен денсаулық сақтау вице-министрі болып жұмыс істедім, сізге және сіздің ұжымға алғысымды қабыл алыңыздар", - деді ҚазҰМУ ректоры.