Облыстық әкімдікте өңір басшысының орынбасары Бағдат Манзоровтың төрағалығымен қысқы жылыту маусымына дайындық барысын, иесіз электр жабдықтарын есепке қою және коммуналдық жабдықтарды өткізіп беру, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, кезекте тұрғандар бойынша бірыңғай республикалық базаға енгізілген мәліметтерді түзету, тағы да басқа өзекті мәселелерді пысықтаған селекторлық жиын өтті. Оған облыстық мекеме басшылары мен аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиналыстың алғашқы баяндамасын облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов жасады.
Баяндамада айтылғандай, биылғы 2019 – 2020 жылғы қысқы жылыту маусымына облыстық бюджеттен 8,1 млрд. теңге бөлінген. Қыстан қысылмай шығу үшін бюджеттік мекемелерді жылытуға 25,1 млн. тонна сұйық отын, 25 мың тонна көмір, 4 мың тонна пеллет отынын дайындау қажет. Қазір бюджеттік мекемелерге көмірдің 67 пайызы, пеллет отынының 61 пайызы жеткізілген. Өкінішке қарай, кейбір аудандарда сұйық отынды жеткізу жұмысы ақсап тұр. Облыстағы сұйық отынмен жылытылатын 537 білім мекемесінің 39-на әлі күнге сұйық отын жеткізілмесе, денсаулық сақтау саласы бойынша сұйық отынның 17 пайызы ғана тасылған.
Жеке тұрғын үйлер үшін биыл 1,4 млн. тонна көмір тасымалдануы керек. Қазіргі таңда 728,4 тонна көмір дайындалған. Өкінішке қарай, кейінгі бір айда көмірдің жеке сатылым бағасы 700-800 теңге қымбаттап кеткен. Қазір Қаражыра көмірінің тоннасы 14000 теңге, Шұбаркөл көмірі 13500 теңгеден сатылып жатыр. Көмір бағасы алдағы уақытта да көтеріліп кетуі мүмкін. Осындай қиындық болмауы үшін облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы «Қазақстан теміржолы» АҚ-мен тасымал қызметін тұрақты бағада ұстау, басқа да тасымалдаушы мекемелер мен көмір сататын тұйық иелерімен көмір бағасын орынсыз қымбаттатпау туралы жұмыс істеуде.
Жылумен жабдықтау жүйелерін жөндеу жұмысы да өз деңгейінде атқарылуда. Десе де, 511 млн. теңге қаржы бөлінген Қапшағай қаласындағы жылу желілерін қайта жөндеу жұмысы тендердің кешігіп жариялануы, келісімшарттың кешігуі сияқты себептерге байланысты уақытында бітпей қалуы мүмкін. Ал облыста иесіз және коммуналдық меншіктегі электр желілерін есепке алу барысында нәтижелі жұмыс істелуде. Басқарма басшысының есебіне сүйенсек, облыста 317,2 км. иесіз электр желісі бар. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде иесіз электр желілерін сол өңірдегі атқарушы органдардың өтінішімен мемлекеттік тіркеуге алу қарастырылған. Алайда бүгін де иесіз электр жабдықтарын мемлекеттік тіркеуге алу жұмысы ақсап тұр.
Айта кетерлігі, Алматы облысында 3566 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 1898-не жөндеу жұмысы жүргізілуі керек. Өткен жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында 169 тұрғын үйге жөндеу жұмысы жүргізілген. Жөндеуден өткен тұрғын үй иелерінің қаражатын қайтару жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Өкінішке қарай, бірде-бір тұрғын үйге жөндеу жұмысын жүргізбеген аудандар да бар. Жиналыста ол аудандардың аты аталып, алдағы уақытта бұл жұмысты ширату керектігі айтылды. Тағы бір айта кетерлігі, бірнеше жылдың алдында тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша облыста 24 жобаның сметалық құжаттамасы жасалған. Алайда бұл жобаларға дер кезінде бағдарлама аясында қаржы бөлінбегендіктен уақыт мерзімі өтіп кетіпті. Сондықтан аудан-қала әкімдеріне осы жобалардың құжаттарын қайта көтеріп, мемлекеттік «Сатып алу туралы» Заңның 39-бабы, 3 тармағы, 3 тармақшасына сәйкес жобаны қайталай ұсыну керектігі тапсырылды.
Бүгінде облыста 48448 азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр. Оның 42212-сі ғана базаға енгізілген. 12813 азаматтың құжаттары дұрыс емес, статусы расталмаған, жекебасында немесе отбасы мүшелерінде тұрғын үйдің болуы, табыстың асып кетуі сияқты себептері анықталған. Осыған орай, аудан-қала басшыларына 16 қазанға дейін тұрғын үй кезегіне тұруға шарты толық азаматтардың тізімін толықтап беру тапсырылды. Одан ары ауызсу мен жабдықтау, тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Ең бастысы, бұл жиында қысқы жылыту маусымына дайындық мәселесі басты тақырып ретінде қаралды. Оның бүгінгі жағдайы туралы жоғарыда жаздық. Десе де, жылыту маусымына дайындық жұмысының аяқталуына әлі де уақыт бар екенін ескерсек, қыстан қысылмай шығатынымыз анық. Тікелей байланыс арқылы Бағдат Сайланбайұлына жеке-жеке есеп берген басқарма бысшылары мен аудан-қала әкімдері орынбасарларының кемшіліктерді толығымен шешетіні жайлы есебі сенімімізді серпілтті.
Қажет АНДАС