06 қар, 2018 сағат 15:02

Дайын тұрған үйлер халыққа берілмей отыр - Сағынтаев

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың тоғыз айында іске асырылу қорытындысын шығару барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бейінді министрліктердің және бірқатар әкімдердің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, Б. Сағынтаев жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының барлық негізгі бағыттары бойынша өсім байқалатынын атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министр Үкімет мүшелерінің назарын бірқатар басты аспектіге аударды.

Бірінші — бұл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражатты игеру мәселесі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, бірқатар өңірде 9 айдың қорытындысы бойынша өткен жылғы және жоспарлы көрсеткіштермен салыстырғанда қаражатты игеру қарқыны төмендеген.

Өткен жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырып, жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Премьер-Министр биыл 12,1 млн шаршы метр пайдалануға беру керектігін еске салды.

Осыған орай, облыстардың әкімдеріне тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау тапсырылды. 

«Бірінші мәселе - қаражатты игеру. Баяндамада айтылғандай, бірқатар өңірлерде 9 айдың қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны төмен. Алып отырған жоспарымыз - 12,1 млн шаршы метр. Былтырмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Ал жылдың аяқталуына 2 ай ғана қалды. Құрметті әріптестер, әкім мырзалар, тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Екінші — құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселесі. Бұл көппәтерлі үйлерге де, жеке үй құрылысына да қатысты. Биыл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осы бағытқа көзделген. Сонымен қатар, Б. Сағынтаев кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, салынып дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отырғанын айтты. 

Жеке тұрғын үй бойынша осы жылы 40 мыңнан астам жер телімі желімен қамтамасыз етілуге тиіс, 9 айда тек 40% ғана қамтамасыз етілген. Сондықтан облыстардың әкімдеріне осы мәселені қатаң бақылауға алып, тапсырмалардың алдағы екі айда орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

«Бұл, негізінен, көппәтерлі үйлерге және жеке үй құрылысына қатысты. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осыған көзделген. Кей өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан салынып, дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отыр», - деді ол.

Мысал ретінде Премьер-Министр дайын тұрған, бірақ инфрақұрылымы жоқ нысандарды атап көрсетті.

«Петропавлдағы «Береке» шағынауданында бес қабатты 3 үй бар. 230 пәтер 2017 жылдың қараша-желтоқсанында, бір жыл бұрын салынып біткен. Бірақ берілмей отыр. Инфрақұрылым жоқ. Семейде 10 қабатты 3 үй 2017 жылы қараша-желтоқсанда салынған. Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» шағынауданы 2018 жылдың тамыз айында салынған. Шымкентте «Тұлпар» шағынауданында 3 қабатты 8 үй 2018 жылдың сәуір-тамыз айларында салынған. Бірақ инфрақұрылымы жоқ», - деді Б. Сағынтаев.

Құрылысы аяқталуға жақын қалған объектілер Қарағандыда, Өскеменде, Оралда, Семейде бар. Олардың құрылысы қараша-желтоқсан айларында бітеді деп жоспарланған. Алайда бұл жерлерге де инфрақұрылым тартылмаған және абаттандырылмаған.

«Бұған баса назар аудару қажет. Жеке тұрғын үй бойынша биыл 40 мыңнан астам жер учаскесі инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Алайда 9 айдың қорытындысы бойынша тиісті жер телімдерінің 40%-ы ғана қамтамасыз етілген. Әкімдер жыл соңында белгіленген межеге жетеміз деп отыр. Мұны қатаң бақылауға алу керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта, кетейік, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы 2019 жылы жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу міндетін қойды. Оны өңірлік даму аспектілерін ескеріп, жаңа бағыттармен толықтыру қажет. ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне жаңа мемлекеттік бағдарламада тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі бойынша барлық аспектілерді қарастыру тапсырылды.