12 мам, 2022 сағат 16:10

Дайын металл өнімдері Ресейден қымбат бағамен импортталуда - министрлік


Дайын металл өнімдері Ресейден қымбат бағамен импортталуда. Бұл туралы ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы қарқыны бойынша Қазақстан көшбасшылардың қатарында. Ол үшін құрылыс материалдары ауқымды көлемде керек болатыны түсінікті. Еліміздегі құрылыс нысандарына керек арматураның жартысын отандық өндірістер қамтамасыз етеді. Қалғанын бірнеше елден, оның ішінде елеулі көлемін Ресейден импортаймыз. Осы орайда экспортқа уақытша тыйым салу қадамы есебінен, отандық өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар», - Жолмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, металл қалдықтарының шығарылуын шектей отырып, шикізатты өңдеу, ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр.

2021 жылы Қазақстаннан Ресейге 124 млрд теңгеге 754 мың тонна қара металл сынықтары пен қалдықтары шығарылды. Бір тоннаның орташа бағасы - 165 мың теңге. Биыл Ресейден Қазақстанға 260 млрд теңгеге шамамен 700 мың тонна құрылыс арматурасы импортталды. Бір тоннаның орташа бағасы - 375 мың теңге. Сонымен қатар бағасы тоннасына 1 млн теңгеге дейін жететін швеллер, құбыр мен басқа да дайын өнім импортталады.

«Өзіміздің шикізатты барынша көбірек өңдеп, одан дайын өнімдерді шығаруымыз керек. Осы орайда ішкі нарықты қамтамасыз ету мен дайын заттарды экспортауға мүмкіндік болады», - деді ведомство өкілі.