ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөліне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ынтымақтастық кеңесіне, қазіргі ұйымына қатысуы қоғамда саясаттанушылар арасында да, қарапайым интернет-комментаторлар арасында да үлкен қызығушылық тудырды. Пікірлер ауаны негізінен жағымды. Бірақ Қазақстан сыртқы саяси ынтымақтастықтың басымдықтарын өзгертеді және түркі бағыты әлемнің басқа полюстеріндегі достыққа балама болады деген тезистер тұспалданған жарияланымдар да болды. Шынында да солай ма?», - деп сұрақ қойды журналист «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
«Біріншіден, біз сыртқы саясаттағы басымдықтарды өзгертпейміз. Түркі әлемі қашанда оның негізгі векторларының бірі болып келді. Бұл туралы Елбасы да, Президент те бірнеше рет айтқан. Каспийден Алатауға дейінгі бүкіл оңтүстік шекарамыз түркі елдерімен астасып жатыр. Әрине, олармен тарихи, мәдени және рухани байланыстар туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақстан ешқашан біреуге қарсы дос болмайды. Керісінше көпвекторлы және прагматизмнің үлгісі болған сыртқы саясатымыздың мәні – әлемдік саясаттың барлық «полюстерімен» барынша тиімді және серіктестік қатынастар құру болып отыр. Ресеймен одақтастық қатынастарымыз бар, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен стратегиялық әріптестік жолға қойылған. Біз бірнеше ұйымдар мен келісімдер аясында ынтымақтастықты дамытудамыз. Сондықтан, осындай түсініксіз тұспалдары бар мақалалар тырнақ астынан кір іздеумен бірей», - деп жауап берді Дәурен Абаев.