13 сәу, 2022 сағат 12:50

«Дәулет» спорт кешенін жөндеуге 70 млн теңге қажет - елорда әкімдігі


Биыл елордада спорттық-медициналық орталық ашылмақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмас Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл елордада спорттық-медициналық орталық ашамыз. Бүгінде ғимарат тауып, оны жөндеуден өткізіп жатырмыз. Бүгінде орталыққа қажетті құрал-жабдық сатып алынды. Аталған мекеменің коммуналдық төлемдері үшін 30 млн теңге керек. Сонымен қатар қаладағы «Дәулет» спорт кешені де жөндеуді талап етеді. Ағымдық жөндеуге 70 млн теңге қажет. Осы соманың ішіне теннис залдарын жетілдіру де кіреді. Ата-аналардан балалар спортына неге мән берілмейді және спорт мектептері неге аз деген сұрақ жиі түсіп жатады. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекеттік тапсырысты арттырмақпыз», - деді Алмас Абаев қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында. 

Сондай-ақ, басқарма өкілі балалар мен жасөспірімдер арасында спортты дамытуда залдар мен тиісті құрал-жабдықтың жетіспейтіндігін мойындап отыр. 

«Қаламен қатар елорда іргесіндегі тұрғын үй алқаптарын да ұмытпау керек. Осы орайда Көкталда спорт секцияларын аштық, бүгінде жаттығу басталып кетті. Одан бөлек, Өндіріс тұрғын үй алқабында да спорттық секциялар ашу мәселесі қаралып жатыр», - дейді ол.