Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбында мәдени-рухани көшпелі жиын өтті, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс тұрғындарының мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру, деструктивті діни ағым жақтастарын қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу және мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы бойынша халықты жан-жақты ақпараттандыру мақсатында өткен кездесуге облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен мәслихат депутаттары, имамдар, ауыл тұрғындары мен жастар өкілдері қатысты.
Әңгіме-сұхбат түрінде еркін форматта өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет ашып, жүргізіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мен дәстүрлі Жолдауларын қысқаша баяндады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп көрсеткен Ұлт Көшбасшысы терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы арқылы қалың бұқараны бір серпілтіп тастады. Тылсым тарихтың жеті қырына тоқталып, өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғанын жеткізіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тура жолға бастаған дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді құрметпен қарауға шақырды. Мұнан соң көпшілік ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі дініміз жөнінде арнайы дайындалған бейнероликті тамашалады. Бір-бірімен емін-еркін пікір алмасқан көшпелі отырысқа қатысушылар өз ойларын бүкпесіз ортаға салып, жиыннан мол мағлұмат алды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет әр отбасының басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу. Бақытты отбасын құру бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиелілігіне тікелей байланысты екендігін айта келе, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», - деп, аудан басшысы дана халқымыздың тәрбиелі құндылықтарының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Ол өз сөзінде мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа дұрыс жол көрсету мақсатында өткен ізгілікті іс-шара қонақтарына көпшілік атынан алғыс білдірді.