Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, көркем сөздің шебері Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған іс-шаралар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жазушыға арналған шаралар Бейімбет Майлин ауданындағы конференциямен басталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік тарихи институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Айбын Шағалақ және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі. «Бейімбет Майлиннің мұрасы – ұлттың асыл қазынасы» ғылыми-практикалық конференциясын ақын Ақылбек Шаяхмет жүргізді.
«Би-ағаңның артына қалдырған әдеби мұрасының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Ол әр түрлі жанрда қалам тербеп, әдебиеттің қыр-сырын жетік меңгерді. Оның өлеңдері, прозалық және драмалық туындылары әдеби шығармаларға қойылатын жоғары талаптарға жауап береді. Сондай-ақ, ол қазақ журналистикасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосты. Биыл 100 жылдығы аталып жатқан «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы болды. Мұхамеджан Сералинмен бірге «Ауыл» газетінің негізін қалады. Өмірінің соңғы жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор болды», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Бейімбет Майлиннің дара тұлғасы уақыт өткен сайын асқақтап, оның шығармалары халықтың асыл қазынасына айналды.
Еске салсақ, биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Бейімбет Майлиннің есімі жазушы туып-өскен ауданға берілді.
Марат Жүндібаевтың сөзінше, Би-ағаның әдеби мұрасын зерделеу үшін жаңа жобалар басталады. Мәселен, Қостанай қаласында жас әдебиеттанушы, сыншылардың қатысуымен жастар конференциясы өтеді.
«Осы жас ғалымдарға Бейімбет Майлин атындағы біржолғы стипендияны тағайындап отырмыз. Облыстық мәдениет басқармасына алдағы уақытта осы стипендияны тұрақты негізде тағайындап, оның берілу тәртібін әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, облыстық театрлар сахнасында Бейімбет Майлинге арналған және оның шығармалары бойынша спектакльдер қою қажет», - деді Марат Жүндібаев.
Конференция барысында зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары оларды ескеріп, нақты іс-шаралар жоспарын қабылдау қажеттігін айтты.