ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов дарынды балаларға арналған мектеп директорлары мен педагогтарымен кездесу барысында дарынды балаларды іріктеу ережесін өзгерту керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанда бүгінде дарынды балаларға арналған 131 мектеп бар екен.
«Мен осы мектептерде бала қабылдау ережесін өзгертуді ұсындым. Министр қабыл алды. Біз меритократиялық қағиданы қалыптастыруды ұсынамын. Бұл мектептерге іріктеу тура Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей болуы тиіс. Балаларды іріктеген кезде оған ешкімнің ықпалы болмауы керек. Типтік ережелерге өзгеріс енгізу керек. Жұмыс тобын құрыңыздар, ұсыныс күтеміз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Вице-министр оқушыларға арналған олимпиадалар мен конкурстардың ортақ күнтізбесін жасауды ұсынды.
«Бұл байқаулардың барлығы күнтізбеде тіркелуі тиіс. Ақылы байқаулар туралы ақпарат та ашық болуы керек. Әр ата-ана, әр бала байқау туралы толық ақпаратпен қамтылуы тиіс», - деді ол.
Министр интернет-олимпиадалардың да нәтижесі обьективті еместігін айтты.
«Интернет-олимпиада сұрақтарына бала өзі жауап беріп отырғанына көз жеткізу қиын. Ұйымдастырушылар мектепке келіп, ата-аналарды, ұстаздарды ақылы олимпиадаға қатысуға үгіттейді. Келіскен ата-аналар кейін бірдеңе дұрыс болмаса, бізге арызданады. Тек қана министрлікте аттестаттаудан өткен байқауларға ғана қатысуға болады. Ал айдаладағы Тюменьде бір бөлмелі пәтерде өткізілетін олимпиаданың сертификаттары қабылданбайды»,- деді Асхат Аймағамбетов.