Түркістан
облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында тұрғындарды
газбен қамту мәселесі талқыланды, деп
хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне
сілтеме жасап.
Облыс
әкімі жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды жедел
«көгілдір отынмен» қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
«ҚазТрансГаз» АҚ-ның Түркістан облысындағы филиалына да ұсыныстар берілді.
«Адамдар
газ келді деп қуанады. Бірақ газды үйге кіргізуге дейін түрлі қиындықтардан
өтеді. Осы мәселені бақылауға алып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек. Газ
саласына қатысты әрбір мәселеге жауапты тұлғалар бекітіліп, тұрақты мониторинг жасалуға
тиіс», – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға кемшіліктерді жоюды
тапсырды.
Облыстық
энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы
С.Далиевтің айтуынша, облыста 31 автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС)
бар. 5 АГТС құрылысы жүргізіліп жатыр.
2022
жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің (2 млн. 75 мың тұрғын)
457-сі табиғи газбен қамтылған. Елді мекендегі халық санымен есептесек 1 млн.
529 мың тұрғын немесе 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізіп
отыр.
2022
жылы 69 газ нысанының құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9
нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 60 нысан 2023 жылға өтпелі. 2022 жыл
қорытындысымен, 467 елді мекен (56,2%) немесе 1 млн. 561 мың халық (75,2%)
табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен
табиғи газға қосылып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге
жетеді (86,8%) немесе 2 млн. 3 мың тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көреді.