15 жел, 2022 сағат 17:55

Дархан Сатыбалды: Бюджет қаржысы тиімді игерілуге тиіс


Бюджет қаржысы тиімді игерілуге тиіс. Мәселе қатаң бақылауда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бюджет қаржысын тиімді пайдалану және игерілмей қалған ақшаның жай-жапсары жайлы жиын өткізді. Әкім бюджетті игеру жұмысын лайықты атқармағаны үшін жауапты басшылардың жазаланатынын қатаң ескертті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың 20 желтоқсанына дейін республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың игерілуі мен түсімдердің толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылған болатын.

Облыс бюджетіне түсетін өзіндік кірістер 163 млрд. теңгеден асады. Жылдың қорытындысымен кірістер жоспары барлық аудан, қалаларда 100%-ға орындалады деп күтілуде. Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанын ескере отырып, түсімдердің орындалуына жауапты уәкілетті органдар мен аудан, қала әкімдіктері тиісті шаралар қабылдап, межеленген жоспардың орындалуын қамтамасыз ету керек. Бұл туралы Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев мәлім етті.

Облыс басшысы бюджетті сапалы атқару мақсатында аудан, қала әкімдері мен облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджетте қаралған барлық қаражатты, оның ішінде республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді уақтылы әрі тиімді игерілуін тапсырды.