Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі қызының дәрігер еміне жазып берген дәрі бағасы не себепті екі дәріханада екі түрлі екеніне шағымданды. Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі жауап берді.
Facebook-тегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобына Динара Абдраманова есімді қолданушы дәрі-дәрмек бағасының әртүрлі болуына қатысты шағым жазды.
«Маған дәріханаларды кім, қалай тексеретіні қызық. Жақында балалар кардиоорталығында дрігер қабылдауында болдым. Менің қызыма – ашық артериялық түтік (ААТ) диагнозы қойылған. Дәрігер бізге 2 ай бойы қабылдайтын дәрі жазып, тапсырыс беретін жердің нөмірін берді. Мен ол нөмірге хабарласып, «Терра Фарм» ЖШС-ға WhatsApp арқылы дәрінің атауын жазып жібердім. Олар есептеп, 9 600 теңге болатынын айтты. Мен салыстырып көру үшін «Гипократ» ЖШС-ға хабарласып, бағасын сұрап едім, олар 2 270 теңге екенін айтты. Бір дәрінің бағасы екі дәріханада жер мен көктей. Не үшін олай? Тіпті, жеке меншік дәріханалар 20%-дан артық қоспайды. Мен таң қалып отырмын!», - деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы Facebook-тегі аталған топқа.
Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі дәрінің бағасын қалай бақылауға болатынын айтты.
«Біздің департаментке арызданған жағдайда шағым жасалған дәріхананы хабардар етуіміз керек. Содан соң 2 аптадан кейін барып тексере аламыз. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанына байланысты шағымға қатысты тексеру тәртібі осындай. Тағы бір айта кететін жайт, интернетте және ұялы телефондарда portal.dari.kz деген қосымша бар. Ол жерде барлық дәрі-дәрмектің атауы мен қай дәріханада қанша теңгеден сатылып тұрғаны, ең көп дегенде қанша теңгеге сатылатыны туралы мәлімет бар. Аталған кейіпкер шағымданған дәріханаға барып, осы қосымшаны ашу арқылы дәрінің бағасын көрсетіп, «Міне, мына жерде ең көп дегенде осынша теңгеге сатылатыны жазылған, Сіздер неге бірнеше есе көп бағаға сатасыздар?» деп сұрауына болады», - деп жауап берді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.